Оралым


с. Боранғали Ырзабаевтікі
ә. Әділбек Сүлейменовтікі

Айдынында арайлы Орал қандай,
Ақжайық аңызынан жаралғандай.
Жайлауым жанатты,
Қарқыным қанатты,
Өмірге өр алып,
Толқынға оранып,
Құшады махабатты.

Дабылы даланың,
Мұнайлы алабым.
Жолымен жорықтың,
Жауынгер Оралым.

Жылдарында жанына жорық батқан,
Кеудесіне көсемім жарық жаққан.
Қомдады қанатты,
Бақыттың таңы атты.
Жайылып жаңғырық,
Жағалау жаңғырып,
Қарсы алды махаббатты.

Отыңа орадың,
Балға мен орағың.
Достықтың құшағы
Большевик Оралым. 

Оралшы, жаным, қайтадан


с., ә. Ә. Ысқақовтікі

Таусылып тағат, амалым,
Өртеніп босқа барамын.
Көңілдің сырын
Көзімнен ұғып,
Моншаққа толы жанарым.

Уайымсыз, мұңсыз жан деме,
Ойлантты мені әлдене.
У ішсе жүрек,
Бөлінсе тілек,
Келмейсің, жаным, сен неге?

Тасынған кейде көлдейсің,
Қасында тұрып шөлдейсің.
Домбыра шертіп,
Бойымды ерітіп,
Әнім-ау, неге келмейсің?

Сезімнің күйін шайқаған,
Сен жайлы бүгін айтам ән.
Көркіңмен нәзік,
Дертімді жазып,
Оралшы, жаным, қайтадан. 

Оңтүстік - әнім


ә. Құралай Сәтмұхамбетованікі
с. Бақытжан Алдиярдікі

Көркіменен Күн көтерген қыранның,
Арқауына айналдың сан жыр-әннің.
Оңтүстігім – оттай ыстық мекенім,
Төсіндегі тұмарындай Тұранның.

Елім менің,
Жерім менің – Оңтүстігім!
Бағым – барым менің,
Жаным – жалын – демім
Әнім – Оңтүстігім!

Жан тербеткен әннің елі, күй елі,
Сансыз бабтар сыр айтады жүйелі.
Қандай бақыт сенде туып, сенде өскен,
Келбетіңнен айналайын киелі.

Елім менің,
Жерім менің – Оңтүстігім!
Бағым – барым менің,
Жаным – жалын – демім
Әнім – Оңтүстігім! 

Ойлайсың ба, жаным


ә. Кеңес Дүйсекеевтікі
с. Шөмішбай Сариевтікі

Не десем екен, не десем,
Айға да лайық теңесем.
Өңім бе, әлде түсім бе,
Қайрылмай кеттің неге сен?

Ойлайсың ба, жаным, ойлайсың ба?
Балалық сезімге бойлайсың ба?
Өмір саған, жаным, сыр айтты ма?
Қуантты ма, тағдыр, мұңайтты ма?

Көктемде құстар қонғанда,
Оралып сырлы орманға.
Аңсаған жүрек іздей ме?
Сағынып қарап жолдарға.

Ойлайсың ба, жаным, ойлайсың ба?
Балалық сезімге бойлайсың ба?
Өмір саған, жаным, сыр айтты ма?
Қуантты ма, тағдыр, мұңайтты ма? 

Орамал


ә. Әбілахат Еспаевтікі
с. Ғали Ормановтікі

Сағынғанда жарыңа,
Жіберіпсің орамал.
Жабырқасам, жаныма,
Жәрдем берген сол – аужал.
«Сәулеме» деп жазылған,
Орамалда сөзің тұр.
Сонда сенің сағынған,
Мөлдіреген көзің тұр.

Жалғыз ауыз сөзіңді,
Дәрмен көріп жаттаймын.
Қайда жүрсем өзіңді.
Көкіректе сақтаймын.
Сақтай-сақтай жүремін,
Төс қалтамнан шығармай.
Жүрегің мен жүрегім,
Бірге соғып тұрғандай. 

Отан үшін


ә., ө. Қосымжан Бабақов

Сүйген жар, жан жолдасым, хош аман бол.
Белгісі берген серттің алысқан қол.
Қажыма қайда жүрсең қасыңдамын
Халық үшін, Отан үшін, аттанған жол.

Отан үшін жан берсем, менде қандай арман бар,
Отан үшін қан төксем, менде қандай арман бар,
Отан үшін жігерді, жұмсар қайрат менде бар,
Отан үшін аяма бар күшіңді туғандар.

Сүйген жар, жан жолдасым, сен де аман бол,
Белгісі берген серттің алысқан қол.
Батыр бол, қайтпас қайсар жеңіп шығар,
Жау жүрек жауынгерлер, тілегім сол.

Жолың болсын, жолыңда екі көзім, сүйген дос,
Жау жарағың қолыңда, қолыңды бер, бауыр-дос.
Отырмаймын еңбексіз от басында мен де бос,
Керек болсам, мен даяр – қан майданда мені тос. 

Отан Ана


Қиын жолдардан аман келеміз.
Асыл заман, саған сенеміз.
Жарқын өмір, жақсы күндер,
Арнап сәлем береміз.

Жайнап өмір жұлдыз көғінде,
Тұр ғой жарқырап.
Көңіл көзді көп арбайды,
Қиялыңды түгел тартып ап.
Жерім құлпырды барын берем деп,
Елім жасап-ау жарат ер еңбек,
Ырысымыз тасып жатыр,
Алға бастық жеделдеп.
Отан Анадан қуат аламыз,
Алға жеңіспен біз барамыз.
Бақта бұлбүл сайрайды ұзақ,
Жайнайды кең даламыз.